5 тамыз күні Чистое ауылында жаңа Мәдениет үйінің салтанатты ашылуы өтті — бұл ауылдың барлық тұрғындары үшін көптен күткен, маңызды оқиға болды. Бұл күн әртүрлі буын өкілдерін біріктіріп, Чистое ауылының мәдени өмірінде жаңа кезеңнің басталуына жол ашқан нағыз мерекеге айналды.

Салтанатты ашылу рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов және Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Рахат Назымбекұлы Смағұлов қатысты. Олар ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтап, Мәдениет үйі шығармашылықпен айналысуға, қарым-қатынас жасауға, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған заманауи орталыққа айналатынын атап өтті.

Мерекелік бағдарлама мазмұнды әрі алуан түрлі болды. Қонақтар мен ауыл тұрғындары алдында шығармашылық ұжымдар мен көркемөнерпаздар өнер көрсетіп, көрермендерге жарқын музыкалық және шығармашылық нөмірлер ұсынды.

Мағжан Жұмабаев ауданының орталықтандырылған кітапханалық жүйесі «Ел тарихындағы ауыл тарихы» атты кітап көрмесіне шолу ұйымдастырды. Көрме үш бөлімнен тұрды: «Солтүстік Қазақстан облысына – 90 жыл», «Мағжан поэзиясы – мәңгілік», «Ауылдың атақты тұлғалары».
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі — Чистое ауылының тұрғыны Татьяна Васильевна Кузнецованың сөз сөйлеуі болды. Ол совхоздың алғашқы директорлары туралы естеліктерімен бөлісіп, адал еңбегімен туған ауылдың дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтар туралы әңгімеледі. Оның әсерлі әңгімесі жиналғандардың бойында туған жерінің тарихына деген мақтаныш пен құрмет сезімін оятты.

Мерекелік бағдарламаға 5-сынып оқушысы Зайцев Николай да қатысты. Ол туған өлке туралы жазылған Владимир Шестериковтың «Зарослая станциясы» атты өлеңін тебіреніспен оқып берді. Оның өнер көрсетуі мерекелік шараның ең әсерлі сәттерінің біріне айналды.

Жаңа Мәдениет үйі концерттер, көрмелер, әдеби кештер, шығармашылық кездесулер, шеберлік сабақтары, мерекелік іс-шаралар мен түрлі жастағы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орынға айналады. Ол қоғамдық өмірдің шынайы орталығы болып, мәдени дәстүрлерді сақтауға, жаңа таланттарды танытуға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға өз үлесін қосады.