18 желтоқсанда Орталық аудандық кітапханада М. Жұмабаев ауданының «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» ММ-нің қызметкерлерімен бірлесіп, «Бауыржан Момышұлы: өмірі – ерлікке толы» атты тарихи портрет форматындағы іс-шара өтті.
Кездесу барысында қатысушылар аңызға айналған батыр, көрнекті қолбасшы әрі жазушы Бауыржан Момышұлының өмірі мен жауынгерлік жолымен танысты. «Бауыржанның өмірі» атты бейнебаян ерекше әсер қалдырып, оның тағдырындағы негізгі кезеңдерді, ерлігі мен қайсарлығын, Отанға деген адалдығын айқын көрсетті.
Іс-шараның жалғасы ретінде Орталық аудандық кітапхананың кітапханашысы А. Расқұлова ұсынған «Теңдесі жоқ тарихи жеңіс» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме қатысушыларды Ұлы Отан соғысы, қазақстандықтардың ерлігі және Бауыржан Момышұлының мұрасы туралы әдебиеттермен таныстырып, тарихи жады мен патриоттық тәрбиенің маңызын айқындады.
Аталған іс-шара тарих туралы білімді тереңдетуге, қаһармандық өткенге деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға және Отан қорғаушыларының ерлігіне құрмет көрсетуге ықпал етті.
Қаралым саны: 26











