«Оқитын өңір» жобасы аясында әдеби-өлкетану қонақ бөлмесі өтті 6 тамыз күні кітапхананың жазғы оқу залында Солтүстік Қазақстан облысының «Оқитын өңір» жобасы аясында жерлес жазушы Иван Петрович Шуховтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Иван Шуховтың әдеби-өлкетану қонақ бөлмесі» атты іс-шара өтті.

Іс-шараның мақсаты – қатысушыларды Иван Петрович Шуховтың өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, оның туған өлке әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесін насихаттау, кітап оқуды дәріптеу және көрнекті қаламгердің әдеби мұрасын сақтауға ықпал ету.

Іс-шараға «Алтын күз», «Ақжаулық» клубтарының мүшелері мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары қатысты.

Кітапханашы А. Расқұлова қонақтарды жазушының өмір жолы мен шығармашылық қызметінің негізгі кезеңдерімен таныстырып, оның кеңінен танылған шығармалары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар жазушы шығармашылығының Солтүстік Қазақстан өңірімен тығыз байланысы атап өтілді.

Іс-шараның мультимедиялық бөлімі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Қонақтар Иван Петрович Шуховтың өмірі мен шығармашылығы туралы бейнероликті тамашалап, жазушының аттас шығармасы бойынша түсірілген «Өшпенділік» көркем фильмінен үзінділер көрді.

Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларының көмегімен жазушының портреті мен кітаптарының мұқабалары «жандандырылып», қатысушыларға қаламгердің әдеби мұрасына жаңа қырынан қарауға мүмкіндік берілді.

Алған білімдерін бекіту мақсатында әдеби викторина ұйымдастырылды. Қатысушылар өз білімдерін сынап, жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректермен танысты.

Кездесудің жалғасы ретінде «Туған жердің жазушысы» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Көрмеде Шуховтың шығармалары, сондай-ақ оның өмірі, шығармашылығы және әдеби мұрасы туралы басылымдар ұсынылды.

Іс-шара соңында қатысушыларға жазушының өмірі мен шығармашылық жолы туралы ақпараттық буклеттер таратылды.

Әдеби-өлкетану қонақ бөлмесі жылы әрі достық жағдайда өтіп, көрнекті жерлес жазушының есімін ұлықтауға, оның әдеби мұрасын насихаттауға және шығармаларына деген қызығушылықты арттыруға өз үлесін қосты.