13 шілде күні IT-орталығында «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – заңның, тәртіп пен қауіпсіздіктің негізі» тақырыбында ақпараттық-құқықтық сағат өтті. Іс-шараға «ҚР ІІМ КҚБК СҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» ММ қызметкерлері қатысты.

Іс-шараны кітапханашы А.Расқұлова жүргізіп, қатысушыларды 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелерімен таныстырды. Кездесу барысында Ата Заңға енгізілген негізгі өзгерістер мен толықтырулар, олардың мемлекеттің одан әрі дамуы, заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызы жан-жақты түсіндірілді.

Іс-шара барысында Конституцияның Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымының негіздерін, мемлекеттік органдардың қызметін айқындайтын және әрбір азаматтың заңдарды сақтау жауапкершілігін белгілейтін басты құқықтық құжат ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.
Осындай іс-шараларды өткізу азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және Қазақстан Республикасының Конституциясына қоғамдағы тұрақтылықтың, заңдылықтың, тәртіп пен қауіпсіздіктің берік негізі ретінде құрметпен қарауға ықпал етеді.