28 шілде күні «Достық» саябағында ашық аспан астындағы жазғы оқу залы аясында Орталық аудандық кітапхананың кітапханашылары «Барлық беймәлімге қарай» атты кітап ауласын ұйымдастырып, балаларды кітаптар әлеміне қызықты саяхатқа жетеледі.

Балалар әдеби ойындарға, викториналар мен түрлі сайыстарға белсене қатысып, сұрақтарға жауап беріп, жұмбақтардың шешуін тауып, өздерінің білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті.

Жас оқырмандар «Кітап беттеріндегі ашылулар әлемі» атты кітап көрмесінде ұсынылған көркем, танымдық және балалар әдебиеттерімен танысты. Заманауи технологиялардың көмегімен кітаптарды жандандыру көрсетілімі ерекше қызығушылық тудырды. Балалар сүйікті кейіпкерлері мен суреттерінің кітап беттерінде «жанданып», қимылдай бастағанын көріп, кітап оқудың бұрынғыдан да қызықты әрі әсерлі болатынына көз жеткізді.

Іс-шара барысында «Болжамдар қобдишасы» да ерекше қызығушылыққа ие болды. Әр қатысушы одан кітапқа, арманға және жаңа жетістіктерге жетелейтін ізгі тілек пен шабыттандыратын болжамды таңдап алды.

Ең белсенді қатысушыларға түрлі-түсті кітап бетбелгілері табысталып, барлық қатысушылар көтеріңкі көңіл күй сыйлаған тәтті сыйлықтарға ие болды.

Кездесуден естелік ретінде балалар арнайы безендірілген тақырыптық фотозонада қуана суретке түсіп, кітаппен өткен жарқын кездесудің әсерлі сәттерін жадына сақтады.

Кітап ауласы жылы әрі достық көңіл күйде өтіп, балаларға көтеріңкі көңіл күй, жаңа әдеби әсерлер сыйлады және кітаптың тек білім көзі ғана емес, сонымен қатар қызықты да ғажайып әлемге бастайтын сенімді серік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.